Қазақстанда ҚҚС толығымен алып тастауды ұсынады
"Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау жөніндегі айналымдарды бірінші кезекте ҚҚС-тан босатуды ұсынады. Ал болашақта қосылған құн салығын еліміздің барлық экономикасынан алып тастау қажет, дейді сарапшы.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты (ЖЭС) әзірлеу қажеттілігі туралы мәлімдемесін талқылау аясында Төлеутай Рахымбеков ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
"Естеріңізге сала кетейін, ҚҚС Францияда 1950 жылдардың аяғында өндірісті тежейтін салық ретінде ойлап табылған. ХХ ғасырдың екінші жартысының басында капиталистік елдерде "артық өндіріс дағдарысы" болды. Менің ойымша, көптеген адамдар менімен келіседі, алдағы 20-30 жылда Қазақстанға мұндай артық өндіріс дағдарысы төнуі екіталай. Біз, керісінше, өндірісті, әсіресе өңдеу өнеркәсібі саласында, атап айтқанда, азық-түлік тауарларын өндіруде айтарлықтай ұлғайту бойынша алып күш-жігер жұмсауымыз керек", - деп түсіндірді Төлеутай Рахымбеков.
Сонымен қатар, сарапшы 30-50 жылға есептелген жаңа ұзақ мерзімді мемлекеттік аграрлық саясатты әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл құжатта жаһандық климаттың өзгеруі, жердің тозуы жағдайында мемлекет пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің міндеттері қамтылуы тиіс.
Жаңа аграрлық саясат шеңберінде Төлеутай Рахымбеков Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесін, бірінші кезекте саланы қаржылық қамтамасыз ету жүйесін - субсидиялау мен несиелеуді түбегейлі реформалау қажет деп санайды.