БҚДА элеваторлардағы тарифтердің көтерілуін анықтады
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі астық сақтау қызметтері нарығына талдау жүргізді. Анықталған негізгі мәселелер – жоғары құн, қызмет көрсетуде ашықтықтың болмауы, ескірген инфрақұрылым және астық қоймаларын жаңғырту кезінде әділетсіз субсидиялау жүйесі.
БҚДА хабарлағандай, Қазақстанда жалпы сақтау қуаты 13,4 млн тонна болатын 207 лицензияланған элеватор жұмыс істейді. Лицензияланбаған нысандарда 16,6 млн тонна сақталады. Лицензияланған элеваторлардың көпшілігі астық себетін Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орналасқан.
«Бұл кәсіпорындардың инфрақұрылымы ескірген күйінде қалып отыр, бұл тиімді сақтау және логистика мүмкіндіктерін шектейді. Маусымдық бағаның көтерілуі мәселелерді күшейтеді. АҚП қызметтері бағасының индексі үшінші тоқсанда 10-50%-ға өскенін көрсетеді, бұл егін жинау кезеңінде жоғары сұранысқа байланысты. Сондай-ақ, демалыс күндері қызмет көрсету құнының 30%-ға артуы байқалады, бұл фермерлердің шығындарын ұлғайтады», - деп атап өтті БҚДА.
Ведомствоның мәліметінше, осы салада үстем жағдайға ие ірі компаниялар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қиындық туғызуда. Фермерлер жоғары тарифтерге, қуатқа қол жеткізудегі шектеулерге және осы қызметтерді ұсынудың ашық емес шарттарына тап болады. Осыған байланысты БҚДА теріс пайдалануды жоятын, элеваторларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін және қызметтер нарығын неғұрлым бәсекеге қабілетті ететін ережелерді әзірлеуді ұсынады.
Бұдан басқа, ашықтықты арттыру үшін Ақпараттық-есепке алу орталығы (ААО) арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген. Бұл орталықтың қызметін реттеуге және Qoldau жүйесінде астық қолхаттарын тіркеу қызметтеріне шекті бағаларды белгілеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, БҚДА цифрлық есепке алу жүйелерін енгізу бойынша НҚА-ға өзгерістер енгізуді ұсынады. Бұл тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, көрсетілетін қызметтерге өтінімдер берудің және бас тартудың автоматтандырылған жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Анықталған тағы бір проблемалық мәселе субсидияларға қатысты. Астық сақтау қоймаларын салу және кеңейту кезінде сыйымдылығы 10 мың тоннаға дейінгі нысандарға ғана субсидия беріледі. Бұл ірі астық сақтау қоймалары қолданыстағы қоймаларды жаңғыртуға мемлекеттік қолдау ала алмайды деген сөз. Бұл ретте Қостанай облысында нысандардың өндірістік қуаты 12 мың тоннадан басталады. Осыған байланысты Субсидиялау қағидаларына шекті мәнді өзгерту бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады.
Талдау нәтижелері бойынша ескерту жасалды, сондай-ақ айыппұл салумен бір әкімшілік іс қозғалды. Ведомствоның қатысуымен адал бәсекелестікті, оның ішінде астықты кептіру қызметтеріне тарифтерді жария түрде ашу міндеттемесін көздейтін 41 монополияға қарсы комплаенс жасалды.