Шымкент тұрғыны АӨК субсидиясын ұрлағаны үшін шартты мерзімге сотталды
АӨК субсидиялауға бөлінген 13,5 млн теңгені негізсіз алған Шымкент тұрғыны бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Өңір тұрғыны 2020 жылы екі шаруа қожалығының атынан сенімхаттар негізінде Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына асыл тұқымды қой сатып алуға және жемшөп шығындарын өтеуге 13,5 млн.теңге көлемінде өтінім берген. Алайда, сотқа дейінгі тергеу аясында асыл тұқымды қойлар сатып алынбағаны, алынған бюджет қаражаты жеке қажеттіліктерге жұмсалғаны анықталды", - деп хабарлады ҚМА-да.
Агенттік сот үкімімен аталған азамат мемлекеттік қаражатты ұрлағаны үшін кінәлі деп танылғанын атап өтті. Ол келтірілген залалды толығымен өтеп, шартты түрде сотталды.
Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығын субсидиялау схемасына талдау жүргізіп, мемлекеттік қаражатты ұрлаудың бірқатар схемаларын анықтады. Бұзушылық фактілері бойынша 100-ден астам қылмыстық іс қозғалды.