Қазақстанда АӨК-ті сақтандырудың жаңа жүйесі енгізілді
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді сақтандырудың жаңа тәртібі күшіне енді. Бұл туралы сақтандыру операторы болып табылатын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының баспасөз қызметінен хабарлады.
2004 жылдан бастап Қазақстанда өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыру бар, қазір ол ерікті болып табылады. Сондай-ақ жаңа жүйе бойынша секторларға ешқандай шектеулер жоқ, аграрлық секторды кез-келген бағытта сақтандыруға болады.
Бұл ретте мемлекеттік қолдау сақтандыру сыйақыларын субсидиялау түрінде көрсетіледі. Ол ауылшаруашылық тауар өндірушілерін ынталандыруға және арзан сақтандыру келісімшарттарын жасауға бағытталған: сақтандыру сыйлықақысының 50% -ын мемлекет субсидиялайды, ол үшін биыл республикалық бюджеттен шамамен 2,5 млрд. теңге бөлінді.
«Бұл жаңа жүйені дайындау кезінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың проблемалық мәселелері ескерілді. Ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің мүдделерін қорғау үшін жүйеде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиялаған сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істей алады», - деді басқарушы директор, Ауыл шаруашылығын қолдау қорының басқарма мүшесі Асқар Қалиев.
Оның айтуынша, бұл жүйеде халықаралық сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін болады. Бұл сақтандыру тәуекелі туындаған жағдайда кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етеді.
Келісім-шарт жасалғаннан бастап төлемдерге дейінгі барлық рәсімдер Qoldau.kz электрондық платформасында ауылшаруашылық тауар өндірушісінің электрондық цифрлық қолтаңбасы негізінде жүзеге асырылады. Процестерді автоматтандыру жұмысты тездетеді және жұмыстың ашық болуын қамтамасыз етеді.
«Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры топырақтың ылғалдылық индексі негізінде сақтандыру өнімдерін - оның жетіспейтіндігі мен шамадан тыс мөлшерін мақұлдады. Басқаша айтқанда, ауылшаруашылық өндірушісі егінін жазғы құрғақшылық пен күзгі жаңбырдан сақтандырады. Дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері, сұлы) және майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр) сақтандыруға жатады. Мониторинг үшін ақпарат қашықтықтан зондтау базасынан алынады. Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және сақтандыру жағдайы автоматты түрде тіркеледі», - деді Асқар Қалиев.
Qoldau.kz жүйесіндегі жеке кабинетте сақтандыру жағдайының басталғаны туралы электрондық поштаға хабарлама алғаннан кейін фермер электрондық қолтаңбаны қолдана отырып, төлемді қамтамасыз ететін сақтандырушыға (сақтандыру компаниясына) төлем жасауға өтініш жасайды.
Тәжірибе көрсеткендей, сақтандыру жағдайларының 60% -дан астамы ылғалдың болмауынан, яғни құрғақшылықтан болады. Осыған байланысты, сондай-ақ егіс науқаны аяқталған кезде құрғақшылықтан сақтандыру мәселесі ерекше өзекті болып табылады.
Баспасөз қызметінде көрсетілгендей, ылғалдың болмау қаупінен сақтандыру үшін ауыл шаруашылық өндірушісі осы жылдың 15 маусымына дейін сақтандыру келісімшартын жасауы керек. Сақтандыру мерзімі 3 айды қамтиды - 2020 жылдың 15 мамыры мен 15 тамызы.
Шамадан тыс ылғалдан сақтандыру бойынша келісім-шарттар 15 тамызға дейін жасалуы керек, сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 15 тамызынан 15 қазанына дейін әрекет етеді.
Сақтандыру жүйесі агроөнеркәсіптік кешенде дамыған сайын сақтандыру өнімдерінің тізімі нарықтағы қажеттілікті ескере отырып кеңейеді.