Қазақстандық өнімдер қытайлық JD.com маркетплейсінде пайда болады
Қазақстандық тамақ өнімдерін өндірушілерге Қытайдың ірі маркетплейстеріне, атап айтқанда, JD.com ірі электрондық платформасына шығуға көмектеседі. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен "Қытай Синьсин корпорациясы" ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цзянь талқылады, деп хабарлады ҚР сауда министрлігінің баспасөз қызметі.
JD.com (Jingdong Mall) - 1998 жылы құрылған Қытайдағы тауарлар мен қызметтерді сатуға арналған онлайн-платформа. Электрондық алаң әлемдегі ең ірі онлайн-сатушылардың бірі болып саналады, мұнда электроника, киім, аяқ киім, косметика, азық-түлік және т.б. қоса алғанда, 1 миллионнан астам тауар сатылады.
Қытайдың Синьсин корпорациясымен келіссөздерге экспорттық әлеуеті жоғары тамақ өнімдерін шығаратын 10-ға жуық қазақстандық кәсіпорын қатысты. Бұл күнбағыс және рапс майларын, кондитерлік өнімдерді, алкогольді және алкогольсіз сусындарды, тағамдарды және т. б. өндірушілер.
Қытайлық серіктестер ұсынылған азық-түлік үлгілерімен танысып, қазақстандық тауарларды ҚХР нарығына жеткізу бойынша одан әрі ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.