Түркиялық инвестор Қостанай облысында бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын іске қосады
Бірден екі шетелдік компания Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыра бастады. Атап айтқанда, түрік Arbel Қостанай облысында бұршақ дақылдарын қайта өңдеу бойынша жаңа зауыт ашады, ал қытайлық Wanlin Group Limited компаниясы Жамбыл облысында сусыздандырылған көкөністер шығаратын зауыт салады. Бұл туралы ElDala.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Қостанай облысында бұршақ дақылдарын өңдейтін жаңа зауыт мамыр айының ортасында ашылады.
Arbel компаниясының төрағасы Хусейн Аслан кәсіпорында 70-ке жуық адам жұмысқа орналасатынын атап өтті. Өндірістің күтілетін жылдық қуаты шамамен 170 мың тонна бұршақ, қызыл және жасыл жасымық, ноқат және қатты сұрыпты бидайды құрайды. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі 8,5 млн долларды. Қазіргі уақытта технологиялық жабдықты монтаждау, сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттарын алу жүргізілуде.
Инвестормен кездесуде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев аталған кәсіпорын іске асырылғаннан кейін түрік компаниясы астықты терең өңдеу жобасын қарастыра алатынын атап өтті.
"Бұл бағыт бүгінде Қазақстанның әлемдегі жоғары сапалы астық өндіруші ел ретіндегі ұстанымын ескере отырып, перспективалы бағыттардың бірі болып табылады", – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Ол сондай-ақ қытайлық Wanlin Group Limited компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
Компания президенті Ли Янтао жобаны Жамбыл облысында 5 жыл ішінде үш кезеңде жүзеге асыру жоспарланып отырғанын, ал инвестициялардың жалпы көлемі 30 млн долларды құрайтынын айтты. Инвестор Жамбыл облысының үш ауданында пиязды пилоттық отырғызып үлгерді, егінді сынау нәтижелері күтілуде.
Wanlin Group Limited-тің ҚХР-да сусыздандырылған көкөністер шығаратын екі ірі зауыты бар. Өнімдер негізінен АҚШ пен Еуропаға экспортталады. Компания Nestle, Unilever, Kerry және басқалары сияқты ірі серіктестермен ынтымақтасады.
"Шетелдік инвесторлардың қазақстандық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге үміткер еместігін, жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар отандық фермерлермен кооперацияда құрылып жатқанын атап өту маңызды", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.