Кейбір ауыл шаруашылығын өнімдерін өндірушілерге ҚҚС азаяды
Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда салық салу және инвестициялық ахуалды жақсарту туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеушілерге де қатысты болатын. Аталған жаңалықты Қазақпарат хабарлады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Даленовтың айтуынша, заң жобасын енгізе отырып, мақта өңдеу, ашытқы жасау, кондитерлік өнімдер, қант қызылшасынан қант өндіруге салынатын ҚҚС мөлшерін азайту ұсынылды. Бұл ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді одан әрі жақсартуға, өндірісті ұлғайтуға септігін тигізеді.
Экспорт кезінде ҚҚС –ты қайтару процедурасын жеңілдету үшін отандық тауар өндірушілерге ҚҚС қайтарудың оңайлатылған түрін пайдалану құқығы ұсынылады: тексеруден өтпей-ақ 50%, тексеруден кейін 50 % болады.
«Автокөлік құралдары мен ауылшаруашылық техникаларын жасауда ҚҚС төлеуден босату ұсынылады. Бұл отандық автомобиль жасаушылардың санын, қазақстандық үлесті арттырады », - деді Руслан Даленов.
Заң жобасында сонымен қатар үш жыл мерзімге КТС және мүлік салығы бойынша берілетін инвестициялық салық несиесін ұсыну қарастырылған.
«Бұл пайызсыз болады, бірақ шарттар орындалмаған жағдайда айыппұл салынады», - деді ҰЭМ басшысы.