Қазақстанда карантиндік шаралар қайта күшейтілді
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалық етуімен Мемлекеттік комиссия 5 шілдеден бастап 14 күндік мерзімге Қазақстанда жаңа шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады.
Комиссияның шешімі бойынша, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ауылшаруашылық кәсіпорындары, балық аулау және мал шаруашылығы объектілері, халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындар, соның ішінде автомобильдерді жуу, автомобильдер мен тұрмыстық техниканы жөндеу, халыққа қызмет көрсету орталықтары, екінші деңгейлі банктер (бірақ уақыты шектеулі болады) жұмыс істей алады.
Сонымен қатар ашық жерде орналасқан қоғамдық тамақтану орындары, үздіксіз өндіріс циклі бар құрылыс, өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыстарын жалғастыратын болады.
Азық-түлік дүкендері, ашық базарлар мен дәріханалар жұмысын жалғастырады, медициналық орталықтар тек алдын ала жазылу бойынша қабылдай алады.
Халықаралық әуе рейстерінің жұмысы жалғасады, бірақ шығуға болатын елдер тізімі одан әрі ұлғаймайды. Әуе тасымалы және теміржол байланысы сақталады, алайда шектеу шаралары болады.
Белгіленген мерзімде аймақтар арасындағы жолаушылар автобусының қызмет көрсетуі тоқтатылып, қоғамдық көліктер уақыты шектелетін болады.
Жаппай жиналатын және отбасылық іс-шараларға тыйым салынады. Көшелер, саябақтар, алаңдар бойымен адамдардың қозғалысы шектеледі - үш адамнан аспауы тиіс. 65 жастан асқан адамдардың қозғалысы да шектеледі.
Шектеулер енгізілген уақытта сұлулық салондарының, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, жабық түрдегі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын базарлардың, жағажайлардың, аквапарктердің, мәдени нысандардың, форумдардың, конференциялардың және басқа да ұйымдастырылған көпшілік іс-шараларының, ойын-сауық орталықтарының, балабақшалардың (кезекші топтардан басқа), діни қызметтер нысандары, ойын-сауық орындары, балалар сауықтыру лагерлері, тамақтану алаңдарының жұмысына тыйым салынады.
Мемлекеттік органдардың, кеңселердің, ұлттық компаниялар мен басқа ұйымдардың қызметкерлерінің кем дегенде 80% -ы қашықтан жұмыс түрінде істейтін болады.
Үкімет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайдың одан әрі өршуіне байланысты бұл шектеу шараларын тағы 2 аптаға ұзартылатынын немесе күшейтілетіндігін атап өтті.