Қазақстан Үкіметі жер реформасы бойынша комиссия құрады
Бүгін өткізілген үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин жер комиссиясын құруды тапсырды.
«Осы аптаның соңына дейін мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне Жер реформасы жөніндегі комиссия құру туралы шешімнің жобасын енгізуді тапсырамын. Комиссия жер ресурстарын одан әрі пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар дайындауы қажет», - деді Үкімет басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров хабарлағандай, министрлік Президент Әкімшілігінің Қауіпсіздік Кеңесінің сараптамалық тобымен бірлесіп, ауылшаруашылық жерлерін пайдаланудың әлемдік тәжірибесіне талдау жасады. Нәтижесінде көпшілікпен кеңінен талқылайтын бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Сапархан Омаров Қостанай, Ақмола Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жүргізіліп жатқан ғарыштық мониторинг бойынша пилоттық жобаның жүзеге асырылуы туралы хабарлады.
«Пилоттық жобаның бірінші кезеңі мал жайылатын жерлерде жасалды, ал егістік алқаптарда екінші кезең басталды, ол жыл соңына дейін аяқталады», - деді министрлік басшысы.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының айтуынша, жер қатынастары саласын цифрландыру туралы заң жобасына тұжырымдама жасалды, ол жерді электронды форматта беруді қарастырады. Талқылаудан кейін заң жобасы ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін Парламент Мәжілісіне жіберіледі.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жерді тиімді пайдалану мәселелері бойынша фермерлік ұйымдармен бірлесіп кеңінен талқылау қажеттілігі туралы айтқан болатын.