Қазақстан мен БАӘ бірлескен инвестициялау платформасын құруда
«Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы Qazaqstan Investment Corporation - Қазақстандағы тікелей инвестициялар нарығының операторы және Әбу-Дабиде орналасқан ADQ инвестициялық-холдингтік компаниясы бірлескен инвестициялау платформасын құру туралы жариялады. Бұл туралы «Бәйтерек» баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлайды.
Платформа Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ өңірінің елдерінде өңдеу өнеркәсібі, ЖЭК, агроөнеркәсіптік кешен, денсаулық сақтау, қаржы қызметтері технологиялары және білім беру саласы және т. б. салаларда инвестициялық жобаларды дайындауға және іске асыруға бағдарланатын болады.
«Біз Қазақстан мен БАӘ-нің екіжақты қарым-қатынастарын дамытуға, атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тікелей инвестициялар тартуға мүдделіміз. QIC пен ADQ арасындағы инвестициялық ынтымақтастық бүкіл аймақтың одан әрі экономикалық дамуы үшін үлкен әлеуетке ие болады», - деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.
Платформа құру туралы меморандумға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАӘ-ге сапары аясында қол қойылды.