AgriTek/FarmTek Astana көрмесі наурыз айында өтеді
AgriTek/FarmTek Astana’2024 ауыл шаруашылығының 19-шы Халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2024 жылғы 12-14 наурыз аралығында өтеді. Көрме Қазақстандағы маңызды ауыл шаруашылығы іс-шараларының біріне айналды, деп атап өтті оның ұйымдастырушысы - TNT EXPO компаниясы.
Көрме EXPO заманауи мамандандырылған халықаралық көрме орталығында өткізіледі, онда ауданы 11 мың шаршы метр зал мен сыртқы алаң орналасады.
AgriTek/FarmTek Astana’2024 көрмесінде ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, қосалқы бөлшектер, суару және тыңайтқыш технологиялары, тұқымдар мен көшеттер, тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, құс және мал шаруашылығына арналған жабдықтар мен технологиялар, мал азығы, ветеринариялық технологиялар және т.б. көрсетіледі.
Жыл сайын көрмеге 5 мыңнан астам фермерлер мен басқа да ауыл шаруашылығы қызметкерлері келеді. Көрме аясында ауыл шаруашылығының түрлі мәселелері бойынша конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіледі.
«Көрме UFI Approved Event мәртебесіне ие болды. Бұл белгі оқиғалардың жоғары ұйымдастырушылық деңгейін, олардың бизнестің дамуына және саланың қалыптасуына әсерін көрсетеді, сондай - ақ статистиканың дұрыстығын растайды», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
AgriTek/FarmTekAstana-2023 көрмесінде Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Дания, Израиль, Италия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия және Франциядан 225 экспонент өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды.
AgriTek/FarmTek Astana ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Астана әкімдігінің, Қазақстанның құс өсірушілер одағының және Қазақстанның егістік өсірушілер одағының ресми қолдауымен тұрақты түрде өтуде. Ресми серіктес - ҚазАгроҚаржы.