Алматы облысындағы АӨК жобаларына шамамен 50 млрд теңге инвестиция салынды
Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялық салымдардың жүйелі өсуі байқалады. 2023 жылы өңірді дамытудың Жол картасы шеңберінде жалпы сомасы 49,3 млрд теңгені құрайтын жеке инвестициялар есебінен 13 инвестициялық жоба табысты іске асырылды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлайды.
«Инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2023 жылы құс еті, сүт және ет өндірісі тиісінше 8,7 мың тоннаға, 20,8 мың тоннаға және 4,3 мың тоннаға өсті. Өткен жылы аяқталған маңызды жобалардың ішінде 2025 жылға қарай өндірісті жыл сайын 100 мың тонна құс етін жеткізуді жоспарлап отырған «Прима-құс» құс фабрикасының құрылысын, сондай-ақ FROSCO жеміс-жидектерді мұздату және сақтау кешенінің құрылысын және Shakh Eco Food жылыжай кешенін кеңейтуді атап өткен жөн», - деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі ағымдағы жылы инвестициялардың жалпы сомасы 141,8 млрд теңгені құрайтын және 1279 жұмыс орнын құратын 26 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланғанын хабарлады.
Оның айтуынша, 2023 жылы Алматы облысында азық-түлік өнеркәсібі секторына инвестиция көлемі 1,8 есеге артты.
«Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Алматы облысындағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 705,3 млрд теңгеге жетті. Осы көрсеткішті ескере отырып, өңір өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар көлемі бойынша елімізде төртінші орынға ие болып, 129,8 млрд теңгеден асты. Бұл соманың 36%-ы азық-түлік өндірісіне бағытталғанын атап өту өте маңызды. Бұл деректер өңірдегі инвесторлар үшін азық-түлік секторының тартымдылығы мен болашағын айғақтайды», - деді әкім.