Alarko Holding түрік холдингі Қазақстанның АӨК-не 650 млн доллар инвестициялайды
Alarko Holding түрік холдингі таяудағы бес жыл ішінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне 650 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР СІМ Ыстамбұлда 50-ден астам ірі түрік бизнес-топтарының қатысуымен конференция өткізді, онда Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша шаралар ұсынылды. Сондай-ақ аграрлық секторда және өнеркәсіптің басқа да салаларында бірлескен жобалар талқыланды.
«Қазақстан шет елдер алдында ашық есік саясатын табысты іске асыруда, ел экономикасы өсудің тұрақты көрсеткіштерін көрсетуде. Бүгінгі таңда Холдинг Қазақстанда жалпы сомасы 2,6 млрд доллар болатын 18 мердігерлік жобаны іске асырды», - деді Alarko Holding бас директорының орынбасары Аббас Шахин.
Өз кезегінде Iskefe Holding СЕО Юсуф Айдемир холдинг Алматыда желатин өндіру бойынша Орталық Азиядағы алғашқы жобаны іске асырып жатқанын хабарлады. Ал, іскер топ Қазақстанда теріні қайта өңдеу жобасына инвестиция салуды жалғастыруға мүдделі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, түрік компаниялары 2024-2026 жылдары Қазақстанда глютен мен крахмал өндіру, жылыжай салу, лак-бояу өнімдерін, мыс сымтемір, тоқыма емес материалдар, ванналар мен душ кабиналарын өндіру бойынша жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл түрік инвесторларымен өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайту және шетелдік мекеме тарапынан тиісті қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.