Қазақстанда органикалық өнім өндірісі субсидиялана бастайды
Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда өнімге сәйкестік сертификаты құнының 50% субсидиялауды және органикалық тыңайтқыштарды субсидиялауды көздейтін, оған ілеспе түзетулермен «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заңды қабылдады. Бұл туралы Мәжілісте хабарлады.
Заң табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастыруға және дамытуға жәрдемдесуге, сыртқы нарықтарда отандық өндірушілердің органикалық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Депутаттар құжатқа бірқатар түзетулер енгізді. Оның ішінде, өндірілген өнімнің сапасы үшін ұжымдық жауапкершілік қағидаттарына және оны өндірушілерді топтық сертификаттауға негізделген бірлескен кепілдіктер жүйесін (PGS) қалыптастыруға және оның жұмыс істеуіне қатысты ережелер қайта қаралды.
«Бұдан басқа, органикалық өнімді өткізу кезінде бақылау енгізіледі. Ол тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғауға, «органикалық» деген атпен сатылатын өнім айналымының жолын кесуге, отандық органикалық өнім өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды жаңылыстыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға ықпал ететін болады», - деп атап өтті мәжілісте.
Сондай-ақ, заң органикалық өнімді өндіруші оны өндіруге қойылатын талаптарды орындамаған кезде сәйкестік сертификатын тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу жөніндегі нормалармен толықтырылды.