Қазақстанда инфляцияға қарсы күрес шаралары аясында жаңа агроөндірістер енгізіледі
Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі өзекті шаралар кешенін 2026 жылға дейін ұзартып, оны жаңа іс-шаралармен толықтырады. Олар күзгі егіннің көкөніс қорларын қалыптастыруға және жаңа өндірістер ашуға бағытталған, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Шаралар кешені химия саласында инвестициялық жобаларды, жеңіл өнеркәсіпте импортты алмастыратын жобаларды іске асыруды қамтиды. Сондай-ақ, Шымкентте жылыжай кешені мен көкөніс қоймасын, ШҚО-да өсімдік майын өндіру зауытын, Алматы облысында ет комбинатын салу, Қызылорда облысында қарқынды бақтарды өсіру, Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесін орнату және т.б. көзделген.
«Өзектендірілген шаралар кешенінде әрбір іс-шара бойынша нысаналы индикаторлар көзделетін болады. Тұтастай алғанда, құжат тауар ұсынысын ұлғайту арқылы инфляциямен күресуге бағытталған. Сондықтан барлық тартылған мемлекеттік органдар ішкі нарықты толықтыру үшін отандық өнім өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды күшейтуі қажет», — деді Үкіметтегі кеңесте ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов.
Іс-шаралар кешенінің жобасы кеңесте мақұлданды. Құжат қажетті келісу рәсімдері мен бекітуден өтуге жіберіледі.