Сенат органикалық өнімдер туралы заң қабылдады
Сенат депутаттары органикалық өнім өндіру және оның айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» ҚР Заңын мақұлдады.
Заң органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастыруға және дамытуға, отандық азық-түлік өндірушілерін органикалық өнім өндіруге ынталандыруға және олардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Заңда органикалық өнім өндірісіне көшудің негізгі шарттары көзделген, оны өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленген, сондай-ақ органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген.
Сонымен қатар, заңнамалық түзетулер органикалық өндіріс үшін пайдаланылатын органикалық өнімдерді, ауылшаруашылық өсімдіктерінің тұқымдарын және ауылшаруашылық жануарларын өндірушілердің тізілімдерін құруды және жүргізуді қарастырады.
Органикалық өнімді өндіру процесін сертификаттау көзделеді. Бұдан басқа, сәйкестік сертификатының қолданылуын тоқтата тұрудың және тоқтатудың негізі айқындалды.
Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде (жай серіктестік) органикалық өнім өндірушілердің топтық сертификаттаудан өту мүмкіндігі бар. Бұл органикалық өндірушілердің ынтымақтастығы мен интеграциясына ықпал етеді және белгілі бір өндірушіге сертификаттау шығындарын азайтады.
Органикалық өнімдерді қолдан жасаумен күресу үшін органикалық өнімдерді таңбалау қарастырылған. Мұндай таңбалау сәйкестік сертификаты болған жағдайда ғана жүзеге асырылады, ал оның жарнамасында тек «органикалық» сөзі мен оның туындылары қолданылуы мүмкін.
Сондай-ақ, заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласындағы ғылыми қамтамасыз етуді реттейтін мақаламен толықтырылды.
Сонымен қатар, сенаторлар бірінші оқылымда органикалық өндіріс пен айналым мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қарап, мақұлдады. Оларға ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, ҚР Экологиялық кодексіне және «Агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізіледі.