Синоптиктер Қазақстанда маусым айына болжам жасады
Маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде бір айдағы орташа ауа температурасы нормаға жуық болады деп күтілуде. Нормадан 1° жылы батыста және елдің оңтүстік жартысында болжанады. Бұл туралы Қазгидрометтің бір айға арналған консультативтік болжамында айтылған.
Маусымдағы жауын-шашын республиканың басым бөлігінде қалыпты шамада болады деп болжануда. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері аз болады деп күтілуде.
Болжам бойынша, маусым айында атмосфералық фронттардың өтуімен ауа-райының тұрақсыз сипаты жаңбырмен, жекелеген күндері - қатты жаңбырмен, найзағаймен, бұршақпен және қатты желмен күтіледі.
Маусымның бірінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарында Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан және Орта Азиядан жылы ауа массаларының түсуімен ауа температурасының көтерілуі күтілуде:
- солтүстікте, ҚР орталығында түнде +2+10°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +13+20°С-тан +22+30°С-қа дейін;
- шығыста түнде +2+7°С-тан +13+18°С-қа дейін, күндіз +13+18°С-тан +23+30°С-қа дейін;
- оңтүстік-шығыста түнде +7+12°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +22+27°С-тан +25+37°С-қа дейін.
Батыс және оңтүстік аймақтарда температураның негізгі фоны:
- елдің батысында, солтүстік-батысында (Ақтөбе облысы) түнде +15 +25°С, күндіз +25 +38°С;
- оңтүстік-батыста түнде +20 +28°С, күндіз +30 +39°С;
- оңтүстік өңірлерде түнде +12 +17°С, күндіз +27 +38°С;
Алғашқы онкүндіктің соңында еліміздің басым бөлігінде аптап ыстықтың төмендеуі күтілуде.
Маусымның екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасының ауытқуы солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күндіз +20+25°С-тан +30+38°С-қа дейін, ал батыс, оңтүстік өңірлерде 25+30°С-тан 34+39°С-қа дейін болады деп күтілуде.