Ақтөбе облысында шегірткеге қарсы 450 мың гектар жер өңделді
Ақтөбе облысында итальяндық прус пен азиялық шегірткеге қарсы 777 мың га өңдеу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 450 мың га өңделген, бұл жалпы көлемнің шамамен 60% құрайды. Қорғау шаралары барлық 12 ауданда өткізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Ойыл ауданында 54 мың га аумақ өңделді. Мамандардың айтуынша, қолданылатын препараттардың тиімділігі 85% құрайды. 74 техника жұмылдырылды.
Тұрақты жағдайға қарамастан, шегірткелердің пайда болу орындарын анықтау бойынша мониторингтік тексерулер жалғасуда. Оған 600-ге жуық адам жұмылдырылған.
Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов облыста болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылауда.