ЕАЭО-да ортақ аграрлық нарық құрылады
ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойма куәліктері туралы келісімді ратификациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазақстанда бұл құжат Парламент Мәжілісінің қарауында, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
«Келісім Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ЕАЭО елдерінде қойма куәлігінің кепілімен несие алуға, сондай-ақ қойма куәліктерін сату арқылы өз өнімдерін қашықтан сатуға жағдай жасайды. Сондай-ақ, Қазақстанның бизнесі ЕАЭО елдерінде бар қойма инфрақұрылымы туралы мәліметтерге, оның ішінде қойманың атауы, түрі, сыйымдылығы, сақтау көлемі және орналасқан жері туралы ақпаратқа қол жеткізе алады», - деп түсіндірді Сауда министрлігінде.
Ведомствоның атап өтуінше, іс жүзінде ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің ішінде мұндай қоймалық түбіртектердің айналымы тек Қазақстанда (астық қолхаттары) ғана жұмыс істейді. Заңнамалық деңгейде ауыл шаруашылығы өніміне қойма куәліктері - астық қолхаттары айналысының көп жылдық тәжірибесін ескере отырып, берілген қойма куәліктері бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік берудің нақты жүйесі құрылды.
Осыған байланысты қазақстандық тарап ЕАЭО елдеріне ауыл шаруашылығы өніміне қойма куәліктері бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету жүйесіне қойылатын талаптарды әзірлеу кезінде Қазақстанның осы саладағы тәжірибесін негіз ретінде қабылдауды ұсынады. Бұл шара ЕАЭО шеңберінде қойма куәліктерінің өзара танылуын және тұрақты айналымын, сондай-ақ оларды ұстаушылар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Келісімнің ережелері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін ЕАЭО елдеріне қажетті ұлттық құқықтық актілерді қабылдап, қоймалық түбіртектерді өңдеу тәжірибесін дамыту қажет. Тұтастай алғанда, Келісімді жүзеге асыру қазақстандық өнімді ЕАЭО-дағы серіктес елдер нарығына шығаруды жеңілдетеді, демек, Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізеді», - деп қорытындылады Сауда министрлігінде.