Қазақстанда ветеринариялық қызметкер күні атап өтіледі
Бүгін, 10 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ветеринариялық қызметкер күні аталып өтіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда «Ветеринария туралы» бірінші заң 10 шілдеде қабылданды, сондықтан бұл күні Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлардың кәсіби мерекесін атап өтуді ұсынды.
АШМ атап өткендей, жаңа мереке жануарлардың денсаулығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринарлық мамандар еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.
Қазақстанның ветеринариялық қызметіне Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, өңірлік және аудандық инспекциялар, Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ, Республикалық ветеринариялық зертхана, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық, сондай-ақ облыстық ветеринария басқармаларын, ветеринариялық станциялар мен пункттерді қамтитын жергілікті атқарушы органдар жатады.
Комитет құрамына 17 облыстағы және Республикалық маңызы бар үш қаладағы аумақтық инспекциялар, сондай-ақ 203 аудандық ветеринариялық станциялар, ауылдық округтердегі 2334 ветеринариялық пункттер кіреді.
Ветеринариялық бақылау комитетінің негізгі міндеттері - жануарларды аурулардан қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластануын болдырмау. Қызметтің маңызды бағыты ветеринариялық препараттар мен жемшөптің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау болып табылады.
Мереке қарсаңында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бүкіл ел бойынша аумақтық инспекцияларымен бірлесіп, халықтың ветеринариялық қауіпсіздік туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, ірі сауда нүктелерінде, кедендік ресімдеу орталықтарында, халықаралық әуежайларда жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ветеринариялық-санитариялық талаптар мәселелері бойынша консультациялар өткізілді.