БҚО ауыл шаруашылығы өндірушілері мұнайшыларға өнім жеткізетін болады
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Karachaganak Petroleum Operating консорциумы арасында тауар өндірушілерді қолдау туралы Меморандумға қол қойылды. Мұнайшылар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының өнімін сатып алатын болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Келіссөздер барысында логистика мәселелері талқыланды. БҚО елді мекендері арасындағы қашықтық тауарлардың түпкілікті құнына әсер ететіні атап өтілді. Мәселені шешу үшін орталық оператор ретінде «Ақ Жайық» ӘКК-ні қосу туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілерге өнімді тасымалдау кезінде қолдау көрсетілетін болады.
«Біздің елімізде көптеген ірі кәсіпорындар жұмыс істейді және олардың барлығында сапалы өнімдерге сұраныс бар. Бұл тәжірибе басқа компаниялар үшін де үлгі болатынына сенімдімін», – деп атап өтті ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Өз кезегінде тараптар қол жеткізілген келісімнің өзара тиімділігін атап өтті.
«Бүгінгі меморандум «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар үшін үлкен көмек болды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қазір үлкен, ең бастысы тұрақты тұтынушысы бар», – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Консорциум басшылығы бұл бағытта тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
«Экологиялық таза және сапалы азық-түлік өнімдерін сатып алу бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар кәсіпорынның қызметіне оң әсерін тигізетініне сенімдімін. Біздің кеңселеріміз бен зауыттарымыз Батыс Қазақстан облысында орналасқандықтан, бізге жергілікті өнімдерді сатып алу ыңғайлы», – деді Karachaganak Petroleum Operating компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев.