Ауыл шаруашылығы министрлігі Инвестициялық субсидиялау қағидаларын кеңейтеді
Қазақстанда құрғақ сүт өндірісін, жұмыртқаны қайта өңдеуді, сондай-ақ киіктерден қорғау үшін қоршаулар орнатуды субсидиялау енгізіледі. Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына түзетулер енгізу жоспарланып отырған бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Өзгерістер Президенттің үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімдердің үлесін 70%-ға дейін арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында енгізіліп отыр.
Жұмыртқаны терең өңдеу бойынша жаңа паспортты қосу шығарылатын өнім ассортиментін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа өндірістерді енгізу есебінен жұмыртқа ұнтағының импорты қысқаратынын, тамақ және кондитерлік өнеркәсіп кәсіпорындарында қолданылатын жұмыртқа өнімдерінің биоқауіпсіздігі артатынын атап өтті.
Бұдан басқа, жұмыртқа және ет бағытындағы құс шаруашылығында асыл тұқымды репродукторды құру және кеңейту кезінде субсидиялау нормативі 25%-дан 40%-ға дейін ұлғайтылатын болады.
Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған сүт өңдеу кәсіпорындарын кеңейту үшін құрғақ сүт және/немесе сүт сарысуын өндіруге арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалатын шығындардың 50%-ын субсидиялауды енгізу жоспарлануда.
«Бүгінгі таңда сүт өнімдері нарығы белсенді дамып келеді. Алайда, өнеркәсіптің бұл бағыты өндірістің маусымдылығымен сипатталады. Сондай-ақ, өткізу нарықтарынан қашықтан орналасқан шаруашылықтардың алдында тұрған сүт өнеркәсібінің маңызды мәселесі оның қысқа сақтау мерзіміне байланысты шикізаттың аз тасымалдануы болып табылады. Бұл мәселелерді сүт шикізатын құрғақ ұнтақ өнімдерге дейін терең өңдеу арқылы шешу ұсынылады», - деп түсіндірді АШМ.
Бұдан басқа, түзетулер басым су үнемдейтін суару жүйелерін сатып алу кезінде инвесторлардың шығындарын өтеу үлесін 80%-ға дейін ұлғайтуды көздейді. Басқа жағдайларда субсидиялау нормативі 50% құрайды. Түзетулер суармалы жерлердің үлесін ұлғайту жөніндегі міндеттерді орындауға бағытталған.
Сондай-ақ, фермерлерге киіктерден қорғау үшін жайылымдар мен егістік жерлерді қоршау үшін топсалы торлар мен тіректерді сатып алуына субсидиялар енгізілуде. Өтеу нормативі 30%-ды құрайды, субсидиялар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен төленетін болады.
Жобаға сәйкес, тор сымының диаметрі кемінде 2,5 миллиметр, тордың биіктігі кемінде 1,6 метр болуы керек. Тор ұяшығының өлшемдері: ені 100 миллиметрден аспайды, биіктігі 75 миллиметрден аспайды. Тіректер арасындағы қашықтық 3-5 метрден аспайды.