Қазақстанда Халал өнімдерге бес зертхана сертификат беретін болады
Қазақстан аумағында бес зертхана Халал белгісі бар өнімдерді сертификаттауға дайындық жүргізуде. Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру кезінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады.
Сауда министрлігінің басшысы ағымдағы жылы Қазақстанда Халал бойынша бес стандарт енгізілгенін еске салды. Ол осы стандарттар бойынша сертификатталған өнімдердің экспорттық әлеуетін жоғары бағалады.
«Елімізде үш өңірде – Павлодар, Алматы және Жамбыл облыстарында - Халал стандарттарын өз бетінше игерген және қазірдің өзінде өз тауарларын Парсы шығанағы елдеріне жеткізетін компаниялар бар», - деді ол.
Б.Сұлтановтың айтуынша, Сауда министрлігінің міндеті-ҚР-да стандарттарды жедел қабылдауды ұйымдастыру. Аталған жұмыс бойынша халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ бірқатар елдермен екіжақты келіссөздер жүргізілді.
«Біз қазір бес зертхананың сертификатталуы үшін белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тиісті жабдықты сатып алу, қызметкерлерді оқыту қажет. Келесі жылы Халал өнімдерін өндіруші кәсіпорындар өз өнімдерін осында сертификаттай алады деп жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде қазақстандық Халал өнімдері нарықтарына қолжетімді болуын айтарлықтай жеңілдетеді», - деп сөзін қорытындылады министр.