Қостанай облысында 60-қа жуық сүт және ет фермаларын салу жоспарлануда
Алдағы үш жылда Қостанай облысында 14 тауарлық сүт фермасын салу үшін инвестициялар тартылатын болады. Сондай-ақ, 44 мал шаруашылығы кешені мен екі ірі құс фабрикасының құрылысы жоспарланған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге барып, Майкөл ауылдық округінің "Надеждинка" ЖШС аумағында ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Жаңа фермалардың ашылуы нәтижесінде облыста сүт пен ет өндірісі 1,4 есе, ал құс еті өндірісі бес есе артады деп күтілуде.
Бұдан басқа, үш жыл ішінде бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қайта өңделетін өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына өңірдегі аграрлық сектордың дамуы туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, биыл жергілікті фермерлер 5 млн гектар жерге егін сепкен. Өнімділікті арттыру мақсатында элиталық тұқымдардың үлесін және енгізілген минералды тыңайтқыштардың көлемін ұлғайту, сондай-ақ машина-трактор паркін жаңарту жоспарлануда.
Сондай-ақ, Президентке мал шаруашылығын, құс шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобалары таныстырылды.
Тоқаев өсірілген егінді уақтылы жинаудың, еңбек өнімділігін арттырудың және аграрлық салада жаңа технологияларды енгізудің, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Ол мемлекет отандық фермерлерге қолдау көрсетуді және тиімді жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсетуді жалғастыратынына сендірді.