Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жеріне салынатын салық негізсіз көтерілді
Павлодар облысының прокуратурасы Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданы мәслихаттарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салынатын салықты негізсіз көтерген шешімдеріне наразылық білдірді. Мәслихаттар шешімдерінің нәтижесінде өңірдің 1,5 мыңға жуық шаруашылығына жүктеме өсті.
«Ақсу қалалық мәслихаты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салынатын салықтың базалық мөлшерлемелерін негізсіз 10-нан 50%-ға дейін ұлғайтты. Бұл ретте Салық кодексінің талаптары бойынша жердің осы түріне мөлшерлемелерді арттыруға жол берілмейді. Осыған байланысты Ақсу қаласының прокуратурасы мәслихаттың шешіміне наразылық білдірді», - деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасында.
Мәслихат шешімінің күшін жою нәтижесінде қаланың 760-тан астам кәсіпкерлерінің құқықтары қалпына келтірілді, олар үшін салық міндеттемелері төмендетілді.
Сонымен қатар, Баянауыл ауданының прокуратурасы аумақтық мәслихаттың 650-ден астам бизнес субъектілерінің құқықтарын қозғайтын осындай шешіміне наразылық білдірді.