09:17 Қазақстан

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайдың БКБ-мен жұмыс тобын құрады

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы тауарлар экспортына байланысты жедел мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құру туралы келісті.

Қытайға жұмыс сапары қарсаңында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытайдың Бас кеден басқармасының басшысы Юй Цзяньхуамен кездесті. Тараптар Қазақстан-Қытай тауар айналымын ұлғайту мақсатында өзара іс-қимылды, оның ішінде Қытайға экспорт үшін жаңа өнімдерді келісуді, қазақстандық кәсіпорындарды ҚХР импорттаушылар тізіліміне енгізуді және басқа да мәселелерді талқылады, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

«Бүгінгі кездесу — сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам. Біздің бірлескен күш-жігеріміз көшбасшыларымыздың тапсырмаларын орындауға және жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететініне сенімдімін», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы COFCO корпорациясының басшылығымен келіссөздер жүргізген болатын, оның қорытындысы бойынша тараптар өнім экспорты бойынша үш жылдық келісімшарттарға қол қою туралы мәселені талқылауға келісті.