Қазақстанда су тасқынын болжаудың екі жүйесі енгізіледі
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде Tasqyn.gov.kz және Talsim су тасқынын болжау және модельдеу жүйелерінің көрсетілімі өтті, бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Tasqyn.gov.kz жүйесі төтенше жағдай қаупі кезінде стратегиялық шешімдер қабылдауға көмектеседі. Су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесіне сәйкес уәкілетті органдар ақпараттық жүйеге су қоймаларындағы су деңгейі, су тарту көлемі және гидрометеорологиялық болжамдар сияқты мәліметтерді енгізеді. Жиналған деректер негізінде жүйе су тасқынының ықтимал сценарийлерін үлгісін жасайды. Бұл әзірлеме туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы мен «Қазгидромет» РМК мамандары айтты.
TalsimNG бағдарламалық жасақтамасы – голландиялық Delft-FEWS платформасына біріктірілген неміс әзірлемесі. Жүйе су ресурстарын болжау және басқару модельдерін жетілдіруге, су қоймаларына ағындылықты болжауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарламалық жасақтаманы Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының төрағасы Хайрулла Қайратғали көрсетті.
Delft-FEWS платформасын пайдалану ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерландының IHE Delft Су білім беру институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылады.
«Қазіргі заманғы болжау және модельдеу жүйелерін енгізу су тасқыны тәуекелдерін басқарудағы маңызды қадам болып табылады. Дәлірек болжамдар су тасқынына жақсы дайындалуға және басқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың көктемінде Қазақстанның бірнеше өңірінде ауқымды су тасқыны болды. Ресми мәліметтерге сәйкес, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында 12 мыңнан астам мал қырылды. Сондай-ақ, су басу аймақтарында ауылшаруашылық алқаптары, жылыжайлар, тұқымдар мен жабдықтары бар қоймалар болды.