Кеше Қазақстан

Үкімет басшысы егіс науқанын қаржыландыруды жеделдетуді тапсырды

ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге сапалы дайындалу үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қаржыландыру рәсімдерін жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2025 жылғы егісті қаржыландыру 29 қарашада басталған. Ерте қаржыландыруға 100 млрд теңге бөлінді.

«Оның 70 млрд-ы берілді. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Облыстарда ӘКК әлі қосылмаған, олар арқылы да бөлуді жүргізу қажет, сонда ол тезірек болады. Қаржы бар», — деді Айдарбек Сапаров.

Өз кезегінде премьер-министр жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, Президенттің тапсырмасын орындау аясында 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша барлығы 700 млрд теңгеге дейін, оның ішінде 140 млрд бюджет қаражаты, 560 млрд – нарық қаражаты жұмсалады. Қарыздар 2026 жылғы 1 наурызға дейін өтеу мерзімімен фермерлер үшін жылдық 5%-бен беріледі.

Ерте қаржыландыру фермерлерге егін егу үшін қажет нәрсенің бәрін, соның ішінде тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді.