Қазақстан ҚХР-ға контейнерлермен астық тасымалдауды тоқтатты
ҚТЖ осы бағыттағы кептеліске және учаскелердің біріндегі құрылыс жұмыстарына байланысты 21-31 қаңтар аралығында Алтынкөл арқылы Қытайға контейнерлерде астық жүктерін жөнелтуді тоқтатады.
ҚТЖ деректері бойынша, Қытай бағытында Алтынкөл пункті арқылы қазіргі уақытта 70-тен астам контейнерлік пойыз жиналды. Бұдан басқа, жол жөндеу жұмыстары, сондай-ақ Мойынты – Достық учаскесінде екінші жолдардың құрылысы жүргізілуде.
Осыған байланысты ҚТЖ бос вагондардың барлық түрлерін ресімдеуге және барлық астық жүктерін контейнерлерге (бидай, зығыр тұқымдары, арпа, майлы дақылдар тұқымдары, күнжара және ұнтақтау өнімдері: ұн, құрама жем, кебек) тиеуге тыйым салады.
Тиеуге тыйым салудың енгізілуіне байланысты жүк жөнелтушілер қаңтардың 3 онкүндігінде мәлімделген тасымалдау жоспарын орындамағаны үшін айыппұлдардан босатылады.