27 января 2025 Қазақстан

Қазақстан Қытайға вагондардың барлық түрімен астық жеткізуді ұсынды

Қазақстан Қытайға астық жеткізуді ұлғайту, оның ішінде жүктерді вагондардың барлық түрлерімен жеткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынысымен жүгінді. Бұл мәселені ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов ҚХР-ның ҚР-дағы Елшісі Хань Чуньлинмен кездесуде талқылады, деп Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР үкіметінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 9%-ға өсіп, 43,8 млрд долларға жетті. Мемлекеттер басшылары алға қойған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндеттерге қол жеткізу мақсатында үкіметтер тауар айналымын әртараптандыруға көздей отырып, қолда бар әлеуетті ашу жөнінде бірлескен жұмыс жүргізуде.

«Қазақстандық тарап жеткізілетін өнім номенклатурасын одан әрі кеңейтудің, оның ішінде Қытай тарапының вагондардың барлық түрлері бойынша астық жүктерін қабылдауын ұлғайту, сондай-ақ ҚХР-дағы экспорттаушылар тізіліміне жаңа қазақстандық кәсіпорындарды енгізу арқылы Қытай нарықтарына қазақстандық астық экспортын ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылады. Қытай Қазақстанның Үздік-5 инвесторының қатарына кіреді. Бүгінгі таңда 11 мың жұмыс орнын құрумен 8,7 млрд долларға 62 қазақ-қытай жобасы жүзеге асырылды, 17,4 мың жұмыс орнын құрумен 13,5 млрд долларға 55 жоба іске асыру сатысында тұр. Жалпы пулға 60,5 млрд доллардан астам сомаға 222 инвестициялық жоба кіреді.

Сондай-ақ, Олжас Бектенов пен Хань Чуньлин транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды талқылады. ҚТЖ ҰК деректері бойынша, 2024 жылдың 11 айында ҚР мен ҚХР арасындағы жүктерді тасымалдау көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 29,3 млн тоннаны құрады. Жүк тасымалын одан әрі ұлғайту үшін Қазақстан-Қытай шекарасында жаңа өткізу пункттерін құру және қолданыстағы өткізу пункттерін жаңғырту, сондай-ақ шекара маңындағы кеме қатынасын дамыту жөнінде бірлескен шаралар қабылдаудың маңыздылығы белгіленді.