10 февраля 2025 Қазақстан

Қазақстан Батуми порты арқылы аммофос экспортын бастады

Батум теңіз портынан 3 мың тонна қазақстандық аммофос ауыстырып тиелді. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл минералды тыңайтқышты Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша Батуми теңіз портынан экспорттау алғаш рет жүзеге асырылуда. Қазақстандық аммофосты Батумиге жеткізу үшін мультимодальды тасымалдау жүзеге асырылды. Жүк жөнелтуші «Қазфосфат» ЖШС болып табылады», - деп нақтылады компанияда.

2025 жылы Батуми теңіз порты 50 мың тонна қазақстандық аммофосты ауыстырып тиеуді жоспарлап отыр.

Компанияның мәліметінше, 2024 жылы Батуми теңіз порты Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша әлемдік нарықтарға 37,6 мың қазақстандық аммиак селитрасын алғашқы жеткізуді қамтамасыз етті.

«ҚазТрансОйл» АҚ Грузиядағы өндірістік активтерге тікелей иелік етуді және басқаруды «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ арқылы жүзеге асырады.

«Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ мұнайды, мұнай өнімдерін және сұйытылған көмірсутекті газды тиеу, айдау, сақтау, сондай-ақ өз айлақтарын, технологиялық құбырлар мен резервуарларды пайдалана отырып, оларды қайта өңдеу өнімдерін ұсынады.