Түркістандық 1,5 мыңға жуық шаруа қожалығы 9 кооперативке біріктіріледі
Түркістан облысында 1,5 мыңға жуық шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру жоспарлануда, оларға ирригациялық технологияларды енгізуге мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
РСК мәліметтері бойынша, облыста ауыл шаруашылығы қарқынды дамитын үш негізгі бағыт анықталды.
Бірінші бағыт – ауыл шаруашылық кәсіпорындарын шоғырландыру арқылы өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу. Түркістанның айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы аясында 1458 шаруа қожалықтарын 9 кооперативке біріктіру, оларды жабдықтармен қамтамасыз ету және 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жоспарлануда.
«Қазіргі уақытта кооператив негізінде Кентау қаласы Шаға ауылдық округінде жаңбырлатып суару технологиясы 886 гектар жерге қолданылады. Бұл жерлерге күздік бидай, жүгері, жоңышқа себіледі. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суару қондырғылары қосымша 976 мың гектар жерге пайдаланылатын болады, жалпы аумақты 2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», - деп хабарлады байланыс қызметі.
Жалпы, аталған жұмыс аясында шамамен 29 миллиард теңгенің 6 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатқандығы белгілі болды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың екінші бағыты - бір егіс алқабынан жылына 2-3 өнім алу жобаларын жүзеге асыру. Биыл 1282 ауылдық округте 5 мың гектардан астам жерде 1928 осындай жоба жүзеге асырылды, нәтижесінде фермерлер 141 мың тонна өнім өндірді. Қазіргі уақытта 1999 ауыл шаруашылық құрылымы екінші қайтара өнім алуға дайындалып жатыр.
Үшінші бағыт - жеке қосалқы шаруашылықтардың аулаларына тамшылатып суару технологиясын енгізе отырып, ерте пісетін көкөністер, картоп, бақша дақылдарын өсіруді қолға алу болып табылады. Бұл жоба әлеуметтік жағдайы орташа отбасылардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл бағытта 182 жоба жүзеге асырылды.