Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіптік кооперация орталығын құруда
Сенат Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялады.
Келісімнің мақсаты өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ инвестициялар тартуға және сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуға жәрдемдесу болып табылады.
«Орталық Азия» Халықаралық орталығы қазақстандық және өзбекстандық бөліктерден тұратын өнеркәсіптік кооперация, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық кешені болып табылады. Орталықтың әр бөлігі өз мемлекетінің қарауында.
«Орталықтың негізгі міндеттері мемлекетаралық кооперациялық байланыстарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, Тараптар мемлекеттерінің шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарын халықаралық қосылған құн тізбегіне интеграциялау; шекара маңындағы аумақтардың өндірістік негізін пайдалану тиімділігін арттыру; өндіріс процестерін оңтайландыру және орталық аумағында құрылатын өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру; инновациялық және ғылымды қажет ететін өндірістерді технологиялық жаңғырту мен дамытуды жүргізу, заманауи технологиялармен интеграциялау және басқалар болып табылады», - деп атап өтті Сенатта.
Орталық Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығының екі жағында Тараптар мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарында орналасқан. Орталықтың жалпы ауданы 1 ш. км құрайды, оның ішінде қазақстандық бөліктің ауданы – 0,5 ш. км, өзбек бөлігінің ауданы – 0,5 ш. км.
«Орталықтың бір бөлігінен екінші бөлігіне өтетін адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және олардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қатынас үшін ашық «Атамекен» (Қазақстан) және «Гүлістан» (Өзбекстан) өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады», - деп түсіндірді Сенатта.