Кеше Қазақстан

АШМ бұрынғы қызметкері бау-бақша салуға бөлінген субсидияны жымқырды деген күдікпен ұсталды

Алматы облысы бойынша ҚМА департаменті мәслихаттың бұрынғы депутатына және бюджет қаражатын ұрлады және оларды одан әрі жылыстатты деп күдіктенген басқа адамдарға қатысты істі тергеп жатыр. Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.

«Тергеу барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменттерінің бірінің бұрынғы директоры Б.С. Айымбетовтың қатысуы анықталды, ол 2018-2022 жылдар кезеңінде Жамбыл және Түркістан облыстарында субсидиялар алу кезінде алаяқтыққа белсенді қатысты. Б.Қ. Әбішев пен Б.С. Айымбетов 29 шаруа қожалығының электрондық цифрлық қолтаңбаларын және элиталық таңқурай сұрыпының көшеттерін жалған жеткізу туралы құжаттарды пайдалана отырып, жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам субсидия алды», - деп ҚМА хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, тергеу соты АШМ бұрынғы қызметкеріне қатысты екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген. Тергеу жалғасуда. Басқа ақпарат жариялауға жатпайды.

Бұған дейін Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты таңқурай көшеттерін сатып алуға бөлінген 474 млн теңге субсидияны заңсыз алды деп күдіктенгені хабарланған болатын. Соттың санкциясымен күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.