Қазақстанда шетелдік тұқымдарды субсидиялау нормативтері төмендейді
Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелдік тұқымдарды субсидиялауға қатысты Ережелерге өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Отандық тұқым шаруашылығын дамытуды ынталандыру мақсатында Қағидаларға шетелдік тұқымдарды субсидиялау нормативін төмендетуді көздейтін өзгерістер енгізіледі (түпнұсқа және элиталық - 60/40%, будандар - 50/40%, 1-репродукция - 50-30%)», - деді Айдарбек Сапаров.
Ол сондай-ақ ағымдағы жылы үкімет резервінен тыңайтқыштарды субсидиялауға 48,4 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.
«Өткен жылы алғаш рет тыңайтқыштарды қолдану көлемі 1,3 млн тоннаны құрады. Биылғы жылы 1,9 млн тонна индикатор белгіленді, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 59%-ын құрайды», - деп атап өтті министр.
Әкімдіктердің жедел деректері бойынша бүгінгі таңда тыңайтқыштарға 991 мың тоннаға келісімшарт жасалды, оның 841 мың тоннасы жөнелтілді.
«Алайда, тыңайтқыштарды енгізу көлемі облыстан облысқа қарай әр түрлі: Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облысы және Жетісу облысы бойынша тыңайтқыштарды жөнелтудің жақсы қарқыны байқалады, ал кейбір облыстарда жөнелту баяу жүріп жатыр. Әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты жандандырып, тыңайтқыштарды жөнелту мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы керек», - деп АШМ басшысы қорытындылады.