Маусым айында Қазақстанның жеті облысында орташа құрғақшылық болжанады
Қазгидромет маусым айына арналған құрғақшылық болжамын шығарды. Елдің басым бөлігінде ылғалдандыру жағдайлары климаттық нормаға жақын болады деп күтілуде, Қазақстанның жеті облысының кейбір аудандарында орташа құрғақшылық болжанады.
Қазгидрометтің мәліметінше, осы вегетациялық кезеңнің басында жауын-шашынның көп болуы елдің солтүстік облыстарында атмосфералық ылғалдылық жағдайын жақсартты. Алайда, Қазақстанның солтүстік-батысында, оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында құрғақшылық жағдайлары әлі де сақталуда.
«Алдағы айда жауын-шашын тапшылығы мен ауа температурасының жоғарылауына байланысты жекелеген аумақтарда құрғақшылық болуы мүмкін», - деп атап өтті синоптиктер.
Синоптикалық болжамға сәйкес, маусым айында жауын-шашын республиканың көп бөлігінде нормадан аз болады деп болжануда. Жауын-шашын мөлшері Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Абай облысында, Атырау облысының батысында, Қарағанды облысының солтүстік-шығысында нормаға жақын деңгейінде күтіледі.
Алдын ала есептеулер бойынша маусым айында ылғалдандырудың орташа құрғақшылық жағдайлары келесі аудандарда күтіледі:
- Қостанай облысында - Амангелді, Жангелді аудандарында
- Маңғыстау облысында - Маңғыстау ауданында
- Қарағанды облысында - Ақтоғай және Шет аудандарында
- Алматы облысында - Балқаш ауданында
- Жамбыл облысында - Мойынқұм ауданында
- Түркістан облысында - Созақ, Қазығұрт, Төлеби, Шардара және Жетісай аудандарында
Қызылорда облысында - Қармақшы және Шиелі аудандарында.