04 июня 2025 Қазақстан

Бес жыл ішінде Қытайға май мен жем экспорты 10 есе өсті

Соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға өсімдік майлары мен ақуызы жоғары жемшөптерді тасымалдау көлемі 10 есе өсті. 2024 жылы ҚХР-ға 190 мың тоннадан астам өсімдік майы жөнелтілді, ал 2025 жылы 207 мың тоннаға дейін өседі деп болжануда. Бұл туралы ҚТЖ ұлттық компаниясы - «Интеграцияланған жоспарлау дирекциясы» филиалы директорының орынбасары Ғани Есенбаев FOC: FATS AND OILS CONFERENCE 2025 IV Халықаралық конференциясы аясында мәлімдеді, деп ҚТЖ хабарлады.

Өткен жылдың басынан бастап ҚТЖ Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, тасымалдау жоспарларын келісу, уақтылы тиеуді қамтамасыз ету және тиеудің тұрақты кестесін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бүгінгі таңда өсімдік майын тасымалдаудың барлық логистикалық процестері - жоспарлаудан бастап жеткізуге дейін - толығымен реттелген.

Маңызды қадамдардың бірі ШҰАА үкіметімен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Алашанькоу бекетінің бонд аймағындағы жаңа терминал арқылы майды ауыстырып тиеу жөніндегі пилоттық жобаны енгізу болды.

“2021 жылдан бастап ҚТЖ флекситанктарда өсімдік майын контейнерлік тасымалдауды белсенді дамытып келеді. Логистиканың бұл форматы шығындарды азайту, тиеу-түсіру операцияларын жеделдету және тасымалдау кезінде жоғары сенімділіктің арқасында экспорт көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Үш жыл ішінде Қытайға және басқа елдерге өсімдік майы бар 30-ға жуық контейнерлік пойыз жіберілді. Қазақстан май өнімдерін өткізудің аса ірі нарығында өз орнын нығайтуды жалғастыруда", - деп ҚТЖ хабарлады.