17 июня 2025 Қазақстан

Қытай Қазақстанның АӨК-не шамамен 2 млрд доллар инвестиция салады

Қазақстандық және қытайлық компаниялар Астанадағы «Орталық Азия – Қытай» форумының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 24 млрд доллардан астам 58 коммерциялық құжатқа қол қойды. Оның ішінде инвестиция сомасы шамамен 2 млрд долларды құрайтын аграрлық салада бірлескен қайта өңдеу өндірістерін іске қосуға келісімшарттар жасалды.

Kazakh Invest баспасөз қызметінің мәліметінше, қытайлық Fufeng Group компаниясымен Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қойылған. Инвестиция көлемі 800 млн долларды құрайды. Бұл жылына 1 млн тоннаға дейін жүгеріні өңдеуге және лизин мен амин қышқылдарын қоса алғанда, қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруға мүмкіндік беретін Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы ірі жобалардың бірі болады. Өндірісте 1500 жұмыс орны құрылады. Жоба өңірдің фермерлері үшін тұрақты өткізу нарығын ашады: 2025 жылы 300 мың тонна жүгеріні жеткізуге оффтейк-келісімшарттар жасалды.

Сонымен қатар, Xinjiang Lihua Group Co., Ltd. Түркістан облысында құны 420 млн доллар болатын толық мақта кластерін құру жөніндегі жобаны іске асыруда. Өндірісте мақта өсіруден бастап оны терең өңдеуге және дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейінгі барлық цикл құрылатын болады. Жоба импортты алмастыруға, экспортқа және жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған. Инвестор сонымен қатар жергілікті фермерлермен келісімшарт жасауды жоспарлап отыр. Жоба аясында 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен он кәсіпорын салу жоспарланған.

Сонымен қатар, ҚР СІМ Инвестициялар комитеті Қазақстанда пиязды сусыздандыру және көкөністерді терең өңдеу зауытын салуды жоспарлап отырған қытайлық Qingdao Wanlin Food Corpotarion компаниясымен инвестициялық келісімшартқа қол қойды. Инвестиция көлемі 89 млн долларды құрайды. Өндіріс Қытайға, АҚШ-қа және Еуропаға өнім экспорттауға бағдарланатын болады. Компания шикізат сатып алу үшін жергілікті фермерлермен өзара іс-қимыл орнатып үлгерді, ал кәсіпорында 300-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Өз кезегінде Dalian Hesheng Holdings компаниясы Ақмола облысында астықты терең өңдеу кешенінің құрылысына 650 млн доллар инвестиция салады. Өндіріс глютенді, крахмалды және басқа да қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруға бағытталған, сонымен қатар отандық фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды көздейді. Жоба агроөңдеуді дамытуға, экспорттық әлеуетке және азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді.

Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жаңартылатын энергетика, қалалық инфрақұрылым және көмір химиясы салаларындағы ынтымақтастық туралы басқа да келісімдерге қол қойды.