Қазақстанда 800 мыңға жуық киікті аулау ұсынылды
Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктердің санын реттеу туралы ғылыми негіздеме алды. Ғалымдар олардың шамамен 20%-ын аулауды қауіпсіз деп санайды. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте экология министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.
Көктемгі есепке алу қорытындысы бойынша Қазақстанда киіктердің саны 3 млн 978 мың басты құрады.
«Егер біз 4 млн-ға жуық бас санынан шығатын болсақ, 800 мыңға жуығын аулау керек», - деді Ерлан Нысанбаев.
Киіктерді аулау кезінде жыныстық-жас құрамы да ескерілетін болады. Ғалымдардың ұсынысы бойынша ауланған киіктердің 40%-ы еркектер, 40%-ы ұрғашылар және 20%-ы төлдері болуы керек.
Сонымен қатар, киіктердің етін өңдеу мәселесі пысықталуда.
«Қайта өңдеу – аулаудың осындай көлемі үшін өте маңызды. Сондықтан біз әкімдіктермен бірлесіп киіктердің етін кейіннен өңдей отырып, ет комбинаттарын құру жөніндегі инвестициялық жобаларға қатысты мәселелерді пысықтап жатырмыз. Бүгінде алты компания қызығушылық танытты», – деп атап өтті Экология министрлігінің басшысы.
Ол сондай-ақ өткен аптада ғылыми негіздеме алынғанын және қазіргі уақытта ол бойынша барлық мәселелер пысықталып жатқанын түсіндірді. Бір-екі күннен кейін Экология министрлігі осы мәселе бойынша ресми шешімді жариялауды жоспарлап отыр.