10 июля 2025 Қазақстан

ЕАЭО Қазақстанның бастамасы бойынша АӨК мемлекеттік қолдау ұсынымдарын қайта қарайды

Қазақстанның бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуды мемлекеттік қолдауға талдау жүргізді. Талдау негізінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің, бақылаушы мемлекеттердің және бірқатар шет елдердің агроөңдеуді ынталандыру жөніндегі тәжірибесін қамтитын шолу жобасы дайындалды. Бұл туралы ҚР Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шолуда ұлттық мемлекеттік аграрлық саясат арнасында ЕАЭО елдерінде тиімді қолдау шараларын қалыптастыру үшін пайдалы болуы мүмкін халықаралық тәжірибеге ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда:

  • Ұлыбритания тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды тікелей қолдау бағдарламаларын жүзеге асырады, оның ішінде жабдықтар мен инфрақұрылымға 40% дейін гранттар, сондай-ақ өңдеушілерге экспорттық қаржыландыру.
  • Германия салықтық жеңілдіктер, инвестициялық бағдарламалар және экспортты ынталандыру арқылы ет, сүт және нан-тоқаш өнеркәсібіне ауқымды қолдау көрсетеді.
  • Канада мен АҚШ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қолданады, соның ішінде несиелеу, модернизацияны субсидиялау және фермадан сөреге дейін қосымша құн тізбегін құру.
  • Қытай агроөнеркәсіптік парктерді құруға және цифрландыру мен «ақылды» фермаларды қоса алғанда, қайта өңдеуде инновациялық технологияларды енгізуге баса назар аударады.
  • Малайзия мен Түркия қаптаманы субсидиялау, сертификаттау және логистикалық бағдарламаларды енгізу арқылы экспортқа бағытталған агроөңдеуді қолдау мысалдарын көрсетеді.

Сонымен қатар, шолуда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы тәжірибесі ұсынылған.

Қайта өңдеуді дамыту мақсатында 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілді, ол келесі іс-шараларды көздейді:

- қайта өңдеуге тапсырылған ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау, сондай-ақ шикізатты әкетуге шектеулер қолдану арқылы қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету;

- жеңілдікті несиелер беру және негізгі және айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы өндірістің табыстылығын арттыру;

- жаңа нарықтарды ашу арқылы қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

“Шолу жобасын тұтастай тараптар мақұлдады және оның негізінде мүдделі мүше мемлекеттер үшін ЕЭК Алқасының ұсынымының жобасы әзірленді. Құжат ЕЭК агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитетінің отырысында мақұлданды және ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ЕЭК Алқасының отырысында белгіленген тәртіппен қабылдау жоспарлануда", - деп атап өтті ведомствода.