ТЖМ Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын құрғақшылықтан құтқаруда
Қызылорда облысындағы суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына су беру жұмыстарына ТЖМ бөлімшелері қосылды. Өңірдегі суару мәселесі Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуімен және топырақтағы ылғалдың жоғалуымен байланысты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Төтенше жағдайлар министрлігі сорғы жабдықтары мен мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, егістерге су беруді қамтамасыз ету үшін еліміздің 19 өңірінен күштер мен құралдарды тарту туралы шешім қабылдады», - деп ТЖМ хабарлады.
ТЖМ құтқарушылары бір аптаға жуық Сырдария, Жалағаш, Қазалы және Шиелі аудандарында белсенді жұмыс істеуде. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі. Іс-шаралар басталғаннан бері егістіктерді суару үшін 2 млн 378 мың 710 текше метр су айдалды.
«Жұмыс күшейтілген режимде жалғасуда және үнемі бақылауда. Құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеп, жоғары кәсібилік пен өз ісіне берілгендік танытуда», - деп атап өтті ТЖМ.