Венгриялық компания Қазақстанда бал өндіруді іске қосады
Ара шаруашылығы саласындағы жетекші еуропалық компаниялардың бірі Aranynektár Kft Қазақстанда бал өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоғары технологиялық кәсіпорын Еуропалық Одақтың стандарттарына сәйкес келетін экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға бағдарланатын болады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Aranynektár Kft бас директоры Ференц Фульмер жобаның егжей-тегжейін талқылады.
«Қазақстан ара шаруашылығы саласының орнықты өсуі үшін — қолайлы климат пен экологиялық таза ортадан бастап дамыған ғылыми негізі мен мемлекеттік қолдаудың пәрменді шараларына дейін барлық қажетті жағдайларға ие. Біз осындай өндірістерге мүдделіміз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл жобаны іске асыру ел ішінде қосылған құнды құрып қана қоймай, ЕО нарығында оған лайықты орын бере отырып, қазақстандық балдың экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 5 мың тонна өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға артық. Жалпы көлемнің 58%-дан астамын Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстары, сондай-ақ Абай және Жетісу өңірлері қамтамасыз етеді.
Мемлекет омарташыларға тікелей қолдау көрсетеді. 2025 жылдан бастап субсидиялаудың жаңа бағыты жұмыс істейді — сатылған әрбір килограмм бал үшін 200 теңге, бұл омарта табыстылығын арттыруға және жалпы саланы дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, 2024–2026 жылдарға арналған мемлекеттік ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында ара генофондын ұтымды пайдалану жүйесін дамытуға және экологиялық таза өндіріс технологияларын енгізуге қаржыландыру қарастырылған. Бұл шаралар өнімнің сапасын арттыруға және халықаралық талаптарға, соның ішінде ЕО нарығына сәйкес келуге бағытталған.
Aranynektár Kft бас директоры Қазақстанның ара шаруашылығы саласының жоғары әлеуетін атап өтіп, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайындығын білдірді.
Aranynektár Kft — Венгриядағы ең ірі бал өндіруші және экспорттаушы. Компанияның өндірістік қуаты жылына 4 мың тоннаға дейін балды құрайды, оның 80%-ы Еуропалық одақ, Таяу Шығыс және Азия елдеріне экспортталады.