Кеше Қазақстан

QazTrade Қытайдың Тяньцзинь қаласында қазақстандық тауарларды ілгерілету кеңсесін ашты

Тяньцзиндегі Халықаралық сауда және кеме қатынасына қызмет көрсету орталығының аумағында ауданы 100 шаршы метр Kazakhstan Hall кеңсесі жұмысын бастады. Ол қазақстандық тауарлардың тұрақты көрмесі және Қазақстанның ҚХР-дағы бизнесінің ресми өкілдігі болады. Бұл туралы ҚР Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Экспозицияда азық-түлік өнімдеріне басымдық берілгені атап өтілді.

Бүгін Kazakhstan Hall тестілік режимде жұмыс істейді. Қазір экспозицияны толтыру және QazTrade өкілдігін тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу жүріп жатыр. Ресми ашылу күзге жоспарланған.

«Тяньцзиндегі QazTrade кеңсесі - біз үшін маңызды қадам. Ол әлемдегі ең ірі нарықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тяньцзинь порты арқылы біз қазақстандық тауарларды әлемнің кез келген нүктесіне жылдам жеткізе аламыз. Мұнда цифрлық сауда және инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады», - деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Тяньцзинь - ШЫҰ-ның порттық кешенді қызмет көрсету қызметтерін ұсынатын негізгі платформасы. Жобаға қосылған Қазақстан ШЫҰ елдері үшін «жасыл дәлізге», Азия - Еуропа мультимодальды бағыттарына, инвестициялық және қаржылық қызметтерге қол жеткізді.

Сауда министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылдың маусым айында Астанада QazExportPromotion корпоративтік қоры мен қытайлық Silvery Dragon Group Technology and Trade Co., Ltd. компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан мен Тяньцзинь арасындағы тауар айналымы тұрақты өсуді көрсетіп отыр. 2023 жылы ол 347,9 млн долларды құрады, 2024 жылы 474 млн долларға дейін өсті.