09:15 Қазақстан

Қазақстанда минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есе өсті

2025 жылы Қазақстанның аграрийлері ауыл шаруашылығы алқаптарына минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін үш есеге — 600 мың тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайтты. Элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 11,2%-ға дейін өсті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының аграрийлерімен кездесуде бұл көрсеткіштердің өсуі фермерлердің ауыл шаруашылығын жүргізудің неғұрлым тиімді және ғылыми негізделген әдістеріне көшуін көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көлемі бойынша 2025 жыл агроөнеркәсіптік кешен үшін бетбұрыс болды.

Биыл аграрийлер алғаш рет 1 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден он есе артық. Алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің көлемі 250 млрд теңгеге жетті. Бұл шаруашылықтарды жаңғыртуды едәуір жеделдетуге және машина-трактор паркінің тозуын екі жылдың ішінде 80%-дан 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қолдаудың жоғары сұранысқа ие құралдарының бірі «Даму» қорының кепілдігі болды. Жыл басынан бері қор қарыз сомасының 85%-на дейін жаба отырып, жалпы сомасы 230 млрд теңгеге 1 300 кепілдік берді. Бұл шара көптеген фермерлерге кепілдіктің жоқтығына қарамастан несиеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі ағымдағы жылы Қазақстанда егіс құрылымдарын ауқымды әртараптандыру жүргізілгенін атап өтті. Бидай дақылдары 900 мың гектарға қысқартылды, бұл ретте майлы дақылдар алқабы 1 млн гектардан астам өсті. Атап айтқанда, күнбағыс 500 мың гектарға, зығыр — 380 мың гектарға, бұршақ дақылдары — 280 мың гектарға, картоп — бір жыл бұрынғыға қарағанда 12,5 мың гектарға көп егілді.

Маркетингтік жыл ішінде Қазақстан 13,4 млн тонна астық экспорттады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 47%-ға жоғары. Бұл соңғы екі онжылдықтағы ең жоғары нәтиже және экспорт географиясы әлемнің 45 елін қамтиды.

«Қазақстандық агробизнес тиімділік пен технологиялылықтың жаңа деңгейіне шығады. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау тек көмек құралы ғана емес, саланың стратегиялық дамуының негізі болып табылады. Біз қазірдің өзінде нәтижелерді көріп отырмыз  — өндірістің, экспорттың және ауыл тұрғындарының табысының өсуі. Бұл аграрлық сектордағы жүйелі өзгерістердің бастамасы ғана», — деді Айдарбек Сапаров.