09:10 Қазақстан

Швейцариялық компания Қазақстанның АӨК-не 700 млн доллардан астам инвестиция салады

Швейцариялық компания Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне 700 млн доллардан астам инвестиция салады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында техникалық қарасора, жүгері және майбұршақ өсіріледі, кейіннен қайта өңдеу зауыттары салынатын болады. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Harvest Agro компаниясы Қызылорда облысында 20 мың гектар аумақта үш дақыл өсіруді жоспарлап отыр, бұл туралы компанияның бас директоры Дәулет Увашев VIII Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2025) аясында хабарлады.

Оның айтуынша, компания Қазақстан нарығында 2022 жылдан бері жұмыс істейді, жер мен астық элеваторын сатып алған және жобаның бірінші кезеңін Қызылорда облысында жүзеге асыра бастаған.

«Біздің инвестор – швейцариялық компания – Қазақстанға инвестиция салады. Еліміздің сегіз-тоғыз облысында 300 мың гектарға дейін суармалы жерлерді игеруді жоспарлап отырмыз», — деді Дәулет Увашев.

Екінші кезеңде 2026 жылдан бастап Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу зауыттарын салу және 50 мың га жерді игеру жоспарлануда.

Дәулет Увашев әкімдіктермен меморандумдарға қол қойылып, бизнес-жоспарлар мен қаржылық модель дайындалғанын атап өтті. Өсірілген өнім Қазақстанның ішкі нарығына, бір бөлігі экспортқа бағытталатын болады.

«Майбұршақ концентраты, аминқышқылдары өндіріледі. Күнжара мен жом жем ретінде пайдаланылады. Техникалық қарасорадан біз құрылыс индустриясы үшін панельдер, жылытқыш және плиталар шығаруды жоспарлап отырмыз. Біз терең өңдеуге шығып, ішкі нарыққа жеткіземіз, сондай-ақ өндірілетін өнімді экспорттаймыз», — деп атап өтті Дәулет Увашев.

Жобаны іске асыру мақсатында KGIR-2025-те ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Harvest Agro Holding компаниясы арасында Қызылорда облысында агроиндустриалды кластер құру жөніндегі жобаны іске асыру үшін Негіздемелік келісім жасалды.

Сонымен қатар, KGIR-2025 алаңдарында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған келісімдерге қол қойылды:

  • Ақмола облысы мен Hopefull Grain & Oil Group арасындағы бидайды терең өңдеу кешенін салу туралы стратегиялық негіздемелік келісім;
  • Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін салу үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Kazakhstan Lihua» ЖШС, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісімдер;
  • Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу және пайдалану үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Fabe-Agro» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісім;
  • Солтүстік Қазақстан облысында қант зауытын салу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Asyl Sugar компаниясы арасындағы инвестициялар туралы келісім;
  • ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «СП Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС арасындағы Ақтөбе облысында сусындар өндіретін зауыт салу туралы негіздемелік келісім;
  • Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) мен «KazFoodProducts» ЖШС арасындағы ҚР-да SAF (Sustainable Aviation Fuel) тұрақты авиациялық отын өндіру жөніндегі жобаны іске асыру жөніндегі негіздемелік келісім.