Әкімдіктер фермерлерге 341 млрд теңге субсидия қарыз - Ауыл шаруашылығы министрлігі
Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялардың барлық түрлері бойынша берешек қараша айының басында 341,3 млрд теңгені құрады, оның 152,2 млрд теңгесі несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға тиесілі. 2023 жылдан бастап аграрлық секторды субсидиялауға арналған барлық шығыстар жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң шеңберінде жергілікті бюджеттердің қарауына берілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, субсидиялар бойынша берешек Қазақстанның барлық өңірлерінде байқалады. Ең көп сомалар Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, онда фермерлерге жалпы 173,7 млрд теңге немесе жалпы соманың 51%-ы төленуі тиіс.
Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялар бойынша берешек біртіндеп қысқарып отырғанын мәлімдеді: тек ағымдағы жылы 148,5 млрд теңге қарыз өтелді.
«2025 жылға жергілікті бюджеттерде АӨК субсидиялауға 433,6 млрд теңге көзделген, оның бір бөлігі өткен жылдардағы «күту парақтары» бойынша берешекті өтеуге бағытталады. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктеріне төлемдерді жеделдету үшін, оның ішінде қолданыстағы бағдарламалар мен өзге де ішкі резервтер шеңберінде қаражатты қайта бөлу есебінен қосымша қаражат іздеуді ұсынды», - деп ведомствода хабарлады.
Жергілікті бюджеттердің шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, Қазақстанның үкіметі республикалық резерв қаражаты есебінен қосымша қолдау көрсетеді. 2024 жылы өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялауға 10 млрд теңге бағытталды. 2025 жылы қосымша 57,8 млрд теңге бөлінді, оның 48,4 млрд теңгесі тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, ал 9,4 млрд теңгесі қант қызылшасын өндірушілерді қолдауға бағытталды.
«Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидиялар төлеу жоспарлы режимде жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, берешекті қысқарту және субсидиялау тетігінің ашықтығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Басты мақсат — фермерлерді уақтылы қолдау және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін тұрақты қаржылық жағдай жасау», - деп Ауыл шаруашылығы министрлігінде хабарлады.