17:22 Қазақстан

Қазақстан Ресей супермаркеттеріне азық-түлік жеткізілімін арттырады

Қазақстандық компаниялар Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Оралдағы іскерлік байланыс алаңында 61 млн долларға мәмілелер жасады. Соның ішінде, QazTrade мен «Караван» ЖШҚ арасында қазақстандық тауарларды ресейлік сауда желілеріне жеткізуді кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл туралы ҚР Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

QazTrade экспорттық акселерация тобының жетекшісі Алмас Ихсанов бұл құжат екі елдің экономикалық әріптестігін нығайтудағы тағы бір қадам болатынын атап өтті.

«Қазақстандық тауарларды ресейлік супермаркеттердің сөрелеріне жеткізе отырып, біз отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз және ресейлік тұтынушыларды бәсекеге қабілетті бағамен сапалы өнімдермен қамтамасыз етеміз», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, QazTrade мен ресейлік «БОЛАШАК» компаниясы арасында Қазанда қазақстандық өндірушілердің сауда-көрме алаңын құру туралы Меморандумға қол қойылды. Жаңа формат отандық экспорттаушыларға өз өнімдерін Ресейдің орталық бөлігінде ұсынуға және аймақтық желілерде жүйелі дистрибуцияны орнатуға мүмкіндік береді.

«Біз қазақстандық өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасаймыз және елдің экспорттық белсенділігінің өсуіне ықпал етеміз. Форум Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық нақты нәтиже беретінін растады», - деп атап өтті QazTrade басқарушы директоры Берік Ахметов.

«БОЛАШАК» ЖШҚ директоры Рустам Сафиулиннің айтуынша, QazTrade-пен серіктестік қазақстандық тауарларды Ресейге жеткізудің тұрақты арнасын құруға мүмкіндік береді.

«Біз Қазақстаннан сапалы өнімге тұрақты сұранысты көріп отырмыз және оның еліміздің негізгі өңірлерінде болуын қамтамасыз етуге дайынбыз», - деді ол.