Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен келісімге қол қойды
KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы ынтымақтастықта жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойды, оған Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторына стратегиялық инвесторларды шақыру бойынша серіктестік жол картасы кіреді. Бұл туралы ұлттық компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.
KAZAKH INVEST басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев атап өткендей, компания тұрақты түрде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін талқылайды, инвесторлар үшін керекті салалар мен жобаларды анықтайды. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы әлеуетті инвесторларға әр түрлі бағыттарды көрсетуде, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі нақты жобаларды ұсынуда. Сондай-ақ оларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын.
«Осыған орай, орасан зор агроөнеркәсіптік мүмкіндікті және көліктік-логистикалық әлеуетті ескере отырып, Қазақстанда аймақтық азық-түлік хабын құруды қарастырған жөн», - деді ұлттық компания.
Өз кезегінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры Ерлан Байдаулет Program on Strategic Commodities, ұлттық резервтік генетикалық банктер ұйымдастыру, астық қорын құру, Халал өнімдерді өндіру, әртүрлі жобалар жасау және Islamic Food Processing Association бағытын ашу бойынша ынтымақтастықта жұмыс істеу қарастырылып жатқаны туралы айтты.