Қазақстанда ЖИ көмегімен шегіртке мониторингі іске қосылады
Ауыл шаруашылығы министрлігі БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, Қазақстанда шегіртке зиянкестерінің таралуын бақылауды және болжауды жақсарту жобасын іске қосуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бастаманың негізгі мақсаты – жасанды интеллект, спутниктік зондтау және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, интеллектуалды болжау жүйесін құру. Бұл фитосанитариялық мониторингті жаңғыртуға және барлық мүдделі ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Жыл басынан бері айтарлықтай дайындық жұмыстары жүргізілді: салалық ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен жобалық топ құрылды, 10 жылдан астам бақылаулардағы фитосанитариялық мониторингтің ұлттық дерекқоры талданды, сондай-ақ интерактивті мониторинг панелінің құрылымы әзірленді.
TCP жобасының ұлттық кеңесшісі – SKYTERRА компаниясы – кеңейтілген аналитиканы визуализациялау үшін цифрлық бақылау тақтасын дайындады.