Қазақстанда ауыл шаруашылығы қалдықтарынан пектин мен целлюлоза өндіру тәсілі әзірленді
Satbayev University ғалымдары қант өндірісінің негізгі қалдық өнімі болып табылатын және өндірілетін биомассаның 80%-ға дейінгі бөлігін құрайтын қант қызылшасының сығындысынан келесі буын материалдарын алудың инновациялық әдісін ойлап тапты. Бұл туралы Ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Постдокторант Faisal Kholiya және PhD докторанты Меруерт Иманбек қауымдастырылған профессор Сана Кабдрахманованың жетекшілігімен гидротермиялық синтездің заманауи әдістерін қолдана отырып, тамақ және фармацевтикалық мақсаттарға жарамды жоғары сапалы пектин, шамамен 35% шығымдылығы бар целлюлоза және 8-14 нанометрлік фотолюминесцентті көміртекті кванттық нүктелер алды.
Алынған материалдар азық-түлікті сақтау технологияларында, дәрілік заттарды жеткізу жүйелерінде, озық визуалды медицинада және қолданбалы нанотехнологиялық инновациялар саласында кеңінен қолданылуы мүмкін.
«Біздің жоба ауыл шаруашылығы қалдықтарын жоғары сапалы премиум материалдарға айналдырудың жарқын мысалы болып табылады», - деп атап өтті жоба жетекшісі Сана Қабдрахманова.
Зерттеу Satbayev University О.Байқоңыров атындағы тау-кен металлургия институтының химиялық процестер және өнеркәсіптік экология кафедрасының құрамында жұмыс істейтін Халықаралық озық функционалды материалдар және олардың композиттері R&D орталығында жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері ауылшаруашылық қалдықтарын қайта өңдеу өнеркәсіптік деңгейде толығымен жүзеге асырылуы мүмкін тұрақты және үнемді процесс екенін дәлелдеді.